| 21 Март 2016 |
|
Жедел медициналық жәрдем дәрігерлері Наурыз мерекесінде баспаналы болды
http://astana.gov.kz
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Жедел медициналық жәрдемнің 30 дәрігеріне пәтер кілтін табыстады. Салтанатты шара Наурыз мейрамын мерекелеу аясында өтті. Мерекелік шара жедел медициналық жәрдем станциясы аумағында ұйымдастырылды. Әртістер мен қызметкерлер ұлттық киімдер киіп, Наурыз мейрамын қарсы алуға жиналды. – Сіздерді Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Биыл қала бойынша көптеген мәселелерді шешуге ықпал ететін кешенді жоспар әзірленді. Бүгін пәтерлердің кілтін табыстап отырмыз. Сонымен қатар, аталған кешенді жоспарға сәйкес, жедел медициналық жәрдемнің үлкен кешенінің құрылысы қолға алынған. Медициналық қызметтер сапасын арттыру үшін сіздерге барынша жағдайлар жасалады, – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары. Ермек Аманшаевтың айтуынша, қала аудандарында медициналық көмек көрсету сапасын арттыру үшін қосымша шағын «жедел жәрдем» станциялары құрылды, жаңадан 40 автокөлік сатып алынды, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсарту және дәрігер мамандығының тартымдылығын арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылдануда. |















