Қыс мерзімі мен алғашқы қар жапалақтап жауғаннан кейін барлығымыз жақсы мереке, қуаныш күтеміз, әсіресе уақытша мерзімде далаға шығып, қар қылауымен ойнай алмайтын немесе далада асыр салып жүгіре алмайтын балалар мерекелерді екі есе күтеді. Ағымдағы жылдың 12 желтоқсаны күні мекемеміздің мәжіліс залында осындай балаларға арнап, ерікті түрдегі бағдарлама шеңберінде режиссер Бақытжан Тәжинмен бірлескен түрдегі «SOS» балалар ауылы мен «D arts» естімейтін актерлер театрының тәрбиеленушілерімен әзірленген ерекше концерті өтті.
Концерт «D arts» театрының ұл-қыздары ишарат пен хореография тілінде, өздерінің өмір сүріп жатқан әлемін көрсетумен ерекшеленді. Бұл әдемілік, махаббат пен шығармашылық әлемі. Оларға Балалар ауылының талантты балалары қолдау жасады. Аталған шараның негізгі мақсаты-балалар үшін жылулық мерекесін сыйлау. Балаларға арналған қайырымды мерекені ұйымдастыруға «Жұлдызай» қоғамдық қоры, «D arts» театры және Астана қаласының «SOS» балалар ауылының әкімшілігі және бас демеуші болып табылатын «Самұрық-Қазына» АҚ көмектесті. Концерттік мереке еліміздің тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңына орай ұйымдастырылды. Концерт балалар ауылының тәрбиеленушісі Айтхожин Аманжолдың «Далам менің» атты тамаша, кең дауысты әнінен басталды. Концерт барысында бас дәрігеріміздің орынбасары С.Т.Жамұқова көпшілікті алдағы мерекемен құттықтап, балаларға шығармашылық табыс тіледі. «Жұлдызай» қайырымдылық қорымен бірлескен түрде атқарылатын шаралар туралы айтып өтті. Ишарат тілінде Рома Иван «Ана сен бақыттысың» және Данияр Абгоев «Ханшайым» атты әндерді нақышына келтіріп, ымдау тілінде бар ықыластарымен орындап, көпшілікті тебірентіп жіберді. «Бомонд» сәнді би ансамблінің кіп-кішкентай бишілері де мың бұралып, тамаша өнер көрсетті Азамат Мукановтың орындауында қазағымыздың «Күйі» де орындалды. Халелова Жанардың орындауындағы «Айнұрлы Астана» әнінде, көрермендердің көңіл күйлері мен қошеметтері ерекше болды. Сондай-ақ, апалы-сіңілі Арайлым мен Жания «Биг-бен» әнін, ал Ғали Наби актерлік шеберлігін көрсете отырып, «Молдабай» әнін орындауы, Сейітова Камиланың «Сүгірдің термесі» күйін орындауы ауруханамызда жатқан балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, балаларға арнайы ойыншықтар мен тәттілер салынған сыйлықтар таратылды. Мерекелік концерт соңындағы Исахмет Аннелдің патриоттық тұрғыдағы «Елорда» әні де өте үйлесімді және орынды түрде орындалды.
Осындай тамаша көңіл күй сыйлаған ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз шексіз. Өмірге деген құштарлықтары шексіз «D arts» театрының ұл-қыздарының үміті сөнбей, рухтары көтеріңкі болып, шығармашылықтары өрге жүзсін дегіміз келеді. «SOS» балалар ауылы мен «D arts» театрының тәрбиеленушілерінің көздерінен тек жалынды ұшқын көрдік....Мың да бір алғыс Сіздерге!!!
Ақпаратты №2 ҚБА кәсіподақ комитеті ұсынды (кәсіподақ комитетінің төрайымы Абдырова С.А.)