Рассылка новостей

Опросник

Загрузка...

Фотогалерея


Записи блога

14 Январь 2014
Ұлтқа қызмет ету үлгісі (ұстаз туралы эссе)

Өмірді бір сәт түпсіз терең  мұхитқа теңесек, сол мұхиттың бетінде алыстан мұнартып тұратын мұзтау секілді адамдар болады. Біз ондай жанның асқақ бейнесін ғана көріп, бергі жағына таң қаламыз, ал, сол мұзтаудың асыл қасиеті тым тереңде, мұхиттың түбінде шөгіп жатқанын ескере бермейміз.
Сондай жанның бірі -медицина ғылымының майталманы, қадірлі ұстазымыз Әбубәкір Ерекешұлы Ерекешов болатын.

 

Бүгінде бар ғұмырын балалар хирургиясының биікке көтерілуіне арнаған білікті дәрігердің бақилық болғанына да бір жарым жыл болыпты. Таулардың  биіктігі алыстаған сайын байқалатыны секілді, осы аралықта көкірекке осыбір таутұлғалы азаматтың адамдық болмысы туралы қаншама ой жиналып қалды десеңізші... Естеліктер жиынтығын шығару туралы ізгі мақсатты естігенімде, жүректе жатталған оның жарқын бейнесін көрсету ойы мені де мазалап жүрген. Себебі,  бірде ұстаз, бірде әкемдей болған адам жайлы, оның жүріп өткен өнегелі өмірі жайлы үндемей қалу мүмкін емес.
Әлі есімде... Сәтін салып 2001 жылы балалар хирургиясы кафедрасына ассистент болып орналастым. Менің пешенеме бірден атына сырттай қанық боп жүрген білікті дәрігер Әбубәкір Ерекешұлының қарамағында жұмыс істеу бұйырды. Олай дейтінім, ол өте еңбекқор, кәсібіне  адал, білімдар, хирургия саласының шебер майталманы еді.  Әрине, ол кісінің  мұнан басқа да асыл қасиеттерін  өзге де әріптестері мен құрдастары жазады ғой деп ойлаймын. Мен  тек ұстазымның  ұлтжандылық қасиетіне тоқталғым келеді. Өйткені,  Әбубәкір Ерекешұлының елге, туған  жерге  деген махаббат сезімі кез-келген жанның бойындағы отаншылдық сезімді түртіп оятушы еді. Ондай сезімді менің де бірнеше рет бастан кешіргенім бар-ды.
Бірде жұрттың:  «Қалай, Астанаға үйрендіңіз бе?», - деген сұрағына, ол кісі: «Үйренетін несі бар, Арқа ата-бабамыздың көшіп-қонып жүрген жері емес пе?! Өзіміздің туған жер! Бұл - бос сұрақ...»,- дегені бар. Сонда ол  шынымен елін, жерін  алаламай, тұтастай туған елім деп  жақсы көруші еді.
Ол кісінің кіндік қаны тамған жері Арал өңірі екені белгілі болатын. Айтуынша, бала кезінде әкесімен бірге теңізге шығып, балық аулайды екен. Тіпті, қыстыгүні де әкесінің қасынан бір елі қалмаған. Сонда Аралдың аязы мен  бет қарыған үскірік желінің екпіні Астананың сақылдаған сары аязынан асып кетпесе, кем түспейтін көрінеді деп айтып еді.
Жалпы, «Ұстаз болу - жүректің ұлылығы» деген сөз бар. Ол ағаға арнап айтылғандай.  Әбубәкір Ерекешұлының жастарға деген қамқорлығында шек жоқ еді. Ол жер анадан тамыр алып жаңа ғана көктеген жас шыбық-жастардың түзу әрі жайқала өсуі үшін бар көмегін аямайтын. Соның нәтижесінде, 2005 жылы республикалық байқауда «Жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы» деген мемлекеттік грантқа ие болды. Жан-жағына тереңдік, кеңдікпен көз тастайтын жаннан үйренетін жер көп болды. Ұстаз әрдайым соңынан ерген шәкірттерге тура жол сілтеп, дұрыс бағыт берді, олардың бір-біріне  қамқорлықпен қарауын, бір-бірін үнемі  қолдап отыруын қалап, ынтымақты болуға ұйыстырды. Бүгінгі таңда сол  шәкірттердің бәрі өз мақсаттарына жетіп,  медицина саласының  асқар шыңына көтерілген. Бірде ол кісіге осы жетістіктер сіздің арқаңызда болды дегенімде:
- «Шын мәнісінде, олай емес. Бұл жетістіктер сендердің ерінбей  еңбектеніп, тапжылмай ізденгендеріңнің арқасында келді. Әрқайсысың ел азаматтарысыңдар. Соны ұмытпа!», - деді. Ағаның бұл  нақыл сөздері әлі есімде.  
 «Өсетін елдің баласы бірін-бірі батыр дейді, өспейтін елдің баласы бірін-бірі қатын дейді» деген мақалды да  сол кісіден алғаш рет естідім. Естідім де бар қазақ менің жалғызым деген ойға жетелейтін бұл нақылды мәңгілік жүрегіме байладым.
Шыны керек, қазіргі уақытта жүзге, руға бөліну үрдісі өрбіп,  кейде тіпті, адамдарды бір-біріне қарсы қоюға дейін баратын жағдайлар жиі етек алып барады.  Елбасымыз айтқандай, ондай адамдар тек күлкі-мазаққа лайық.   Бірақ, өкінішке орай, теріс пиғылды, майда мүдделі жандардың аз емес екені ойландырады. Осындайда, Әбубәкір Ерекешұлының бар ғұмыры, іс-әрекеттер мен  терең ойлары қазақ жастарына үлгі болары анық.
Ұстаз Астанаға келісімен 5 жылдан астам уақыт асыл жары Раушан Зияшқызымен бірге студенттердің жатақханасында тұрды. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреатының  тұрмысын көріп, сол тұста  біздің де жанымыз ауыратын. Бірақ, тұрмыс  тауқыметі таутұлғаны шыңдамаса, тұқырта қоймады.  Ғалым  ашқан ғылыми жаңалықтар да, балаларға жасаған шипалы әрі нәтижелі оталар саны да, шәкірттерінің жетістіктері де осы жылдардың жемісі екені анық.   
Ол  Ресей мен Израильдің балалар хирургиясының  профессорларымен тығыз байланыс орнатып, өнімді жұмыс жасады. Шәкірт дәрігерлерді әлемдік деңгейде жоғары талапқа сай  жұмыс істеуге үйретті. Студенттерді шетелге шығарып, жат елдің балалар хирургиясындағы озық жетістіктерімен тікелей танысуына мұрындық болды. Маған әрдайым Әбубәкір Ерекешұлының еліне, жеріне, қазақ халқына деген сүйіспеншілігі мен махаббаты шексіз көрінетін.  Тәуелсіз еліміздің болашағына таудай  сеніммен қарайтын ұстаз жастарға көп үміт артатын. Сондықтан, жастарға  қолдан келгенше қолдау жасап,  бағытын дұрыс анықтауға бар күшін салатын.  Бүгінде сол шәкірттердің барлығы ұстаз берген бағыттың дәл әрі асқан көрегендікпен жасалғанын айтады.
 Бірде Әбубәкір Ерекешұлы мені өзіне шақырып алып: «Қазір Мұса деген жігіт келеді, ғылыми жұмысының құжаттарын дайындауға көмектесіп жіберерсің»,- деді. Кабинетте күтіп отырғанда, есіктен  қара нәсілді  африкалық бауырымыз Мұса кірді. Бұл эпизод та ағамыздың білім-ғылымға талпынған жастарды бөлмей, барынша көмек беруге тырысатын риясыз көңілін байқатқандай. Оның шәкірттерінің ішінде өзге ұлт өкілдері де аз емес еді.
Осы орайда, өмірде мұндай текті де, дана адамдардың қатары көп емес екенін  өкінішпен айтқым келеді.  Бүгінде осыбір асыл жанның үлгі-өнегесін есімізден шығармай, Әбубәкір Ерекешұлының ұстанымына лайым лайық болуға  тырысып келеміз.  
Менеджмент немесе басқару саласының  белгілі американдық маманы Стивен Ковидің пайымдауынша, нағыз нәтижелі кісінің мінезі тұрақты келеді, іске деген жауапкершілігі, оны  орындауға қоятын талабы да  жоғары деңгейде болады, сонымен қатар, ондай кісіде адамға деген мейірімділік пен қайырымдылық сезімдері қатар жүріп, бір-бірімен үндесіп отырады дейді. Қасындағы кісілердің жан дүниесін өте жақсы түсіне білетін Әбубәкір Ерекешұлының өмірлік жолы мен азаматтық болмысына үңілсем, бұл қағиданың айна қатесіз айтылғанын көрем.  
Ол кісі мені 2006 жылы Қазақ мемлекеттік медицина академиясының үш факультетін басқаруға ұсынып, қолдау көрсетті. Алғашында ойланып көрейін дедім. Алайда, мұндай жауапкершілігі мол жұмысты алып жүруге  жастау екенімді сылтауратқан сөзімді құп көрмей, ұлт тарихынан мардымды мысалдар келтіре жөнелді. Тарихта 28 жасында Ишанбай Қарақұлов министр болған, 34 жасында Қамал Сәруарұлы Ормантаев ғылым докторы атанды дей келіп, ақыр аяғында декан болуға көндірді. Қарап отырсам, өмір жолымда адам және маман ретінде өсуіме маған Әбубәкір Ерекешұлындай ешбір жан ықпал жасамапты. «Клиникадағы дәрігердің қателігінен бір адам зиян көреді, ал, егер денсаулық сақтауды ұйымдастырушы қателессе, зардабын мың адам көреді. Сондықтан жұмыстың бұл қырын да біліп, үйрену керексің»,- дегені әлі күнге дейін көкейде жатталып тұр. Факультет кеңесінің отырыстарын өткізгенімде оған елімізге сыйлы медицина ғылымдарының докторлары, профессорлары атанған  кафедра меңгерушілері қатысатын. Осы кісілермен дұрыс қарым-қатынас орнатып, жұмыста нәтижеге қол жеткізуге кеңесші болған да Әбубәкір Ерекешұлы болды. Бір жылдың ішінде академияның барлық факультеттерінің ішінде ешбір ескертусіз министрліктің лицензиясын алып, ISO 2001 аккредитациясынан өткен біздер ғана болдық. Кейін 2007 жылы бала урологы мамандығымды жалғастыру мақсатында жаңадан ашылып жатқан Ана мен бала ғылыми орталығына құжаттарды тапсыруыма ақыл-кеңес берді. Өткен күндерді ой елегінен өткізсем, менің, жалпы, отбасымның бағының ашылуына ол кісідей ықпал жасаған ешкім болмағанына көзім жетеді. Ағаға деген  алғыс сезім менде ғана емес, барлық шәкірттерінде  де бар екеніне  күмән жоқ.
Ұлтымыздың жарқын болашағын жастармен байланыстырған Әбубәкір Ерекешұлы бар білімі мен  іс тәжірибесін, ақыл-жігері мен күш-қуатын дәл осы жас толқынға, шәкірттері мен әріптестерінің білікті маман ретінде өсуіне, олардың елжанды азамат боп өсуіне аямай жұмсады. Біз Әбубәкір Ерекешұлының үміті ақталатынына, Қазақ елінің болашағы зор болатынына сенеміз, әрі солай болуы үшін аянбай еңбек етеміз. Бұл шәкірт жүрегінде  сөнбес сәуле қалдырған адамға деген ізгі құрметіміз бен мәңгілік естелігіміз деп білеміз.  
 
  Тәжібай Б.А.   27.10.2013 жыл.